Жәнібек қарсыласын тез нокаутқа түсірем деп ойлады, дейді бапкері
WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының жаттықтырушысы Джеймс «Бадди» Макгирт тәлімгерінің британдық Дензел Бентлимен жекпе-жекте жіберген басты қателігін айтты, деп жазады sports.kz.
«Жәнібек қарсыласын тез нокаутқа түсірем деп ойлады, бірақ олай болмады. Бізге әдіс-тәсілімізді өзгерту керек болды. Жекпе-жектің ортасында қарсыласымыз қашықтықты қысқарта бастады, содан кейін мен: «Тыңдашы, бұл жігітпен бұлай бокстасуға болмайды. Сен оны қысымға алуың керек» дедім. Ол менің айтқанымды орындап, қарсыласын бақылауына алды.
Алғашқы раундтарда Бентли Жәнібектің айласына бой ұсынған еді, кейін сәл кідіріс жасап, Әлімханұлының жалғыз соққымен ғана шектеліп жатқанын байқап, сол сәтті пайдаланып кетті. Соған қарамастан, Жәнібек оныншы раундтан бастап ширақ қимылдай бастады да жекпе-жектің соңына дейін басымдық танытты», - деді жаттықтырушы.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы мен Дензел Бентли 12 қарашада АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласының Palms Casino Resort кешенінде жекпе-жек өткізген болатын. Төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті.