Қазақстан мен Ресей шекараны шегендеу мәселесін талқылайды
Екі ел арасындағы шекараның 30%-ы демаркацияланбаған
Биыл желтоқсанда Қазақстан мен Ресей шекараны шегендеу мәселесін талқылайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, 2022 жылғы 7-11 қарашада Мәскеуде қос мемлекеттің бірлескен демаркациялық комиссиясының 123-отырысы өткен.
Тараптар демаркациялаудың қорытынды құжаттарының жобаларын дайындау бойынша жұмысты жалғастырды. Мемлекеттік шекара сызығын оның жекелеген учаскелерінде белгілеуге байланысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ 2023 жылға арналған далалық демаркациялық жұмыстардың жоспарын бекітті. Комиссияның келесі отырысы биыл желтоқсанда Қазақстанда өтеді, - деді ресми өкіл СІМ-де өткен брифингте.
Еске сала кетсек, премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны шегендеуді аяқтау үшін 2-3 жыл керектігін айтқан болатын.