Украина әскері бір аптада оңтүстіктегі 179 елді мекенді азат етті
Оккупанттардан Днепр өзенінің оң жағалауындағы 4,5 мың шаршы шақырымнан астам аумақ босатылды
Өткен аптада Украина қарулы күштерінің «Оңтүстік» командованиесі елдің оңтүстігіндегі 179 елді мекенді азат етті. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
«Біздің бөлімшелеріміз аптаның басынан бері Днепр өзенінің оң жағалауында 4,5 мың шаршы шақырымнан астам аумақты алатын 179 елді мекенді жаудан босатты», – делінген хабарламада.
«Оңтүстік» жедел командованиесі жаудан тазартылған қалалар мен селолардың Николаев және Херсон облыстарының территорияларында орналасқанын атап өтті. Қазір бұл жерлердің бәрінде тұрақтандыру шаралары, соның ішінде аумақтарды миналардан тазарту жұмыстары болып жатыр.
Оккупанттар украин әскери бөлімшелері мен майдан шебімен қиылысатын территориялық қауымдарды атқылау мен оларға әуеден барлау жүргізуді тоқтатар емес. Осылайша, Ресей әскері әртүрлі әлеуметтік инфрақұрылымдарға, азаматтық нысандар мен тылдағы өңірлер территорияларына шабуыл жасап жатыр.
12 қараша күні Украина президенті Владимир Зеленский қорғаныс күштерінің 60-тан аса елді мекенді азат еткенін мәлімдеген еді. Нақтылай келгенде, бұл сан бұдан үш есе көп болып шықты.
11 қарашада Николаев облысының басшысы Виталий Ким облыстың түгелге жуық азат етілгенін айтты.