Бақытгүл Хаменоваға сот үкімі қашан шығатыны хабарланды
Мемлекеттік айыптаушы Хаменова мен Рысқалиевті 7 жылға, Адамовты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевке және «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовқа сот үкімі 2022 жылдың 15 қарашасында шығады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іске төрағалық ететін судья Жұмабек Тәшімов бұл туралы 14 қарашада мәлімдеді. Осылайша, қылмыстық іс бойынша сот үкімі 15 қараша жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де оқылады.
Айта кетейік, бұған дейін Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиев соттан өзін толық ақтауды сұрады.
Ал Өміртай Адамов зейнет жасында екенін айтып, айыппұл не қоныс-колония түрінде жаза кесуді сұрады.
Мемлекеттік айыптаушы Лаура Асанова Хаменова мен Рысқалиевті 7 жылға, Адамовты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
БАҚЫТГҮЛ ХАМЕНОВА ІСІ
2021 жылдың желтоқсанында Атырау облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.
2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу туралы шешім шықты.
Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырында түсті. Сот процесі 3 тамызда басталды.
Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов.
Сот отырысына судья Жұмабек Тәшімов төрағалық етеді. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.