×

«Арселор Миттал Теміртау» талаптарды орындамаса, жұмысын тоқтатуы мүмкін

Экология министрі 16 қарашада Қарағанды облысының тұрғындарымен кездеседі

 Дәурен Ерболат 14.11.2022 | 13:24
Фото: varlamov.ru

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорны 2023 жылға экологиялық рұқсаттаманы алу үшін құжаттар өткізгенін, олар талапқа сәйкес келмесе, компания жұмысын тоқтатуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістегі Үкімет сағатынан шыққан министр журналистерге «Арселор Миттал Теміртауға» қатысты қандай шаралар қабылданатынын түсіндірді.

«Компания біздің министрлікке келесі жылға экологиялық рұқсаттаманы алу үшін қажет құжаттарды жіберді. Қазір құжаттарды қарап жатырмыз. Біздің талаптарға «Арселор Миттал Теміртау» АҚ нақты бір ұсыныстарын көрсетпесе, (компания – автор) экологиялық рұқсат ала алмайды», –  деді Серікқали Брекешев.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейін кәсіпорын шығарындыларды 20%-ға дейін азайту керек.

Сондықтан олар бізге құжаттарды көрсетуі керек. Егер нақты іс-шараларын көрсетпесе, біз экологиялық рұқсаттаманы бермейміз, –  деді министр.

Журналист «Оның салдары қандай болады? Қысқаша айтқанда, олар экологиялық рұқсаттаманы алмаса, кәсіпорынның мұржаларын түтін шықпауы керек қой?» деп сұрақты нақтылады.

Заң бойынша рұқсатсыз жұмыс істесе, тексеріс жүргізіледі. Осындай фактілер анықталса, айыппұл салынады. Олай да айтуға болады, – деді Серікқали Брекешев.

Сөз соңында ол осы аптада Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесетінін атап өтті.

«Біз сәрсенбі күні Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесу өткіземіз. Теміртауға барамыз. Онда үлкен жиналыс өтеді. Сонда «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның мәселесі көтеріледі. Қызығушылық болса, кездесуге келіңіздер», –  деді министр журналистерге.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама