×

Әлем чемпионаты: Қазақстан самбошылары 10 медаль алды

Ұлттық құрама команда 3 күміс, 7 қола жүлдені иеленді

 Дастан Жұмабекұлы 14.11.2022 | 12:18
фото: ашық дереккөз

Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен самбодан әлем чемпионатында Қазақстанның ұлттық құрама командасы 3 күміс, 7 қола жүлде алды.

Жарыстың үшінші күнінде жауынгерлік самбодан 71 келіге дейінгі салмақта Әсет Анарбаев финалға шығып, израильдік Тариэль Аббасовқа есе жіберді. Ал 88 келіде Айбек Саметаев жартылай финалда сүрініп, қола жүлдеге ие болды.  

Тағы бір қола медальді әйелдер арасында 80 келіден аса салмақта Арайлым Әбенова алды.

Бұдан бір күн бұрын әлем чемпионатында Ділдәш Құрышбаева (72 кг), Арнұр Қуатай (71 кг) мен Мирас Уәлиев (58 кг) қола жүлдегер атанды.

Ал 11 қарашада Қайырберді Айдынбай (58 кг) мен Асылбек Смайылов (79 кг) күміс жүлдегер болса, Гүлдана Әлмұхамбетова (54 кг) мен Райхан Мәди (98 кг) үшінші орыннан көрінді.

Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Біржан Имахановтың айтуынша, шешуші сәтте кей самбошыларымызға сәттілік жетпей жатты. Дегенмен Қазақстан командасы үшін биылғы дода сәтті өтті. Биыл көптеген жас спортшы құрамаға қосылды. Соған қарамастан, олар жүлде алмаса да үздік бестіктен көрініп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама