Атырауда мұғалімін жарақаттаған 7-сынып оқушысының анасына айыппұл салынды
Мұндай әрекет жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, құқықбұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады
Қазанның 11-інде Атырауда оқушы мұғалімді итеріп жіберіп, оның құлап, жарақат алғаны белгілі болды. Сот шешімімен 7-сынып оқушысының анасына айыппұл салынды, деп хабарлады «Мой город» порталы.
Айта кетсек, тарих пәнінен БЖБ (бөлім бойынша жиынтық бағалау) тапсыру кезінде мұғалім 7-сынып оқушысынан тапсырманы неге орындамай отырғанын сұраған. Жауап ретінде жасөспірім оны дөрекі түрде итеріп жібереді. Мұғалім еденге құлап, оң қолы жарақаттанған.
Кеше Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқушының анасына қатысты істі қарап, оған бала тәрбиелеу міндетіне салғырт қарады деген айып таққан.
Кінәсін мойындаған жағдайда сот әкімшілік айыппұл сомасын 30 пайызға азайтуға құқылы. Сот шешімімен кәмелетке толмаған баланың ата-анасы кінәлі деп танылып, оған 21 441 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Бұл баптың санкциясында көзделген айыппұл сомасының 30 пайызын құрайды, – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және білім беру, олардың құқықтарын және мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларды күтіп-баптау міндеттерін орындамауы 10 АЕК (30 630 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған дәл сол әрекет 15 АЕК (45 945 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға негіз болады.