Halyq Uni логотип
×

Павлодарда жаңадан салынатын көпірге 40 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалмақ

Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады

 Динара Амантай 14.11.2022 | 10:30
Павлодарда жаңадан салынатын көпірге 40 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалмақ
Фото: Halyq Uni

Павлодар қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы 2023 жылы аяқталады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысына жасаған сапары аясында аймақ тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Сонымен қатар, президент облыс орталығын жалғайтын Ертіс өзеніндегі жаңа көпір құрылысы жобасын бастауды тапсырды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, биылғы жыл басынан бері ауыз сумен Павлодар облысының 95 пайыз қалалық және 94 пайыз ауылдық елді мекендері қамтамасыз етілген. Соның ішінде орталықтандырылған су жүйесі 194 ауылға жүргізілді. Сонымен қатар, 95 ауылдық елді мекенде су тазартатын кешенді блок-модульдер орналастырылды. Осылайша, өңірдегі 352 ауылдың 289-ы сапалы ауыз суға қолы жетті. Қосымша 63 ауылға осы сияқты қондырғылар орнату көзделіп отыр. Оның ішінде 34 елді мекенге орталықтандырылған су жүйелерін жүргізу және 29 ауылға кешенді блок-модульдер орналастыру жоспарланған.

Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін облыстағы елді мекендерді 100 пайыз таза сумен қамту көзделген.

Биыл өңірдегі 32 сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерінің құрылысы мен реконструкциясына республикалық бюджет қаржысы есебінен 14,4 млрд теңге бөлінді. Ал 2023 жылғы жаңа бюджетте осы бағыттағы 28 жобаға 12,2 млрд теңге бөлінбек.

Ал жаңадан салынатын көпір құрылысы жобасы төрт жолақты құрайды. Ұзындығы – 2,7 шақырым. Жобаның жалпы құны – 40,3 млрд теңгеге жуық. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталмақ. Қосымша қаражат әкімдіктің қажетті құжаттар тізілімі көрсетілген бюджеттік сұранысы негізінде беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама