×

Қазақстандықтар балықты аз тұтынады

Елде жыл сайын 45 мың тонна балық ауланады

 Дәурен Ерболат 14.11.2022 | 10:22
Фото: Атырау облысының өңірлік коммуникация қызметі

Қазақстанда адамдар 4 келіден аз балық тұтынады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, елдегі табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тонна балық ауланады.

Көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Былтыр 15 мың тоннаға жуық балық өсірілді. Бұл – 2017 жылғы деңгейден 5,5 есе жоғары. Қазақстанға шамамен 41 мың тонна мұхит пен теңіз балық түрлері (скумбрия және майшабақ) жеткізіледі және 25 мың тоннаға жуық балық және балық өнімдері экспортталады. Оның негізгі үлесі – терең өңделген өнім (балық филесі). Отандық балық өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, - деді Серікқали Брекешев Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Министр Қазақстан жан басына шаққанда балықты аз тұтынумен сипатталатынын жеткізді.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 келі балық өнімдерін тұтынуды ұсынады. Елімізде бұл көрсеткіш – 4 келіден аз. Жоғарыда атап өткенімдей, оны арттыру қажет. Көршілес Ресей мен Қытайда бір адам сәйкесінше 23-43 келі тұтынады. Сондықтан балық өнімдерін экспорттау үшін әлеуетті 3 млн тоннадан асыру керек», - деді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама