Полицейлер алтынды заңсыз өндіретін кен орынды анықтады
Ұсталғандардың арасында шетелдіктер де бар
Абай облысында алтынды заңсыз өндіретін кен орны анықталып, қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Олардың арасында 7 шетелдік азамат та бар.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бөлімшелері Абай облысы Жарма ауданындағы «Еділбай» учаскесінде құрамында алтын бар кенді заңсыз өндірумен, өңдеумен, жер қойнауын өз бетінше пайдаланумен және заңсыз көші-қонды ұйымдастырумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, – делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша, бұл оқиға ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. Полицейлер Жаңғызтөбе кентінен 30 шақырым жерде алтынды заңсыз өңдеген екі цехты тауып, 13 адамды ұстады. Олар кен орынынан 100 тонна алтынды заңсыз өңдемек болған. Ұсталғандардан салмағы 2 келіден асатын жарылғыш (аммонит) және улы (сынап) заттар, сондай-ақ өндіруге қажетті жабдықтар табылып, тәркіленді.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы заңсыз цехтардың иесі болған. Ол да қамауға алынды.