Қызметіне 23 желтоқсанда кіріспек
23 қазан мен 13 қараша аралығында Словения президентін сайлау науқаны өтті. Екі турға ұласқан бәсекеде ешқандай партияға мүше емес адвокат Наташа Пирц Мусар жеңіп шықты, деп хабарлады Euronews.
Пирц Мусарға сайлауға барғандардың 54%-ы, ал оның қарсыласы – СІМ-нің бұрынғы басшысы Анже Логарға 46%-ы берген. Сайлауға дауыс беру құқығы бар жұрттың 44,08%-ы қатысқан.
Жаңа президент ендігі қызметіне 23 желтоқсанда кіріспек.
Айта кетсек, 54 жастағы Пирц Мусар – Словенияның бірінші әйел президенті. Ол елдің басқару формасы – парламенттік мемлекет, яғни биліктің басым бөлігі депутаттардың қолында.
Словенияның жаңа басшысы бұрын журналист, БАҚ еркіндігі саласындағы омбудсмен болған. Адвокат болғанда көбінде жеке өмір қауіпсіздігі мен ақпаратқа емін-еркін қол жеткізу істерін қараған.