Президент халық нақты өзгерістерді күтіп отырғанын жеткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын жариялайды. Бұл туралы Президент Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде мәлімдеді.
«Мен 16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынамын. Қазір партиялар арасында бәсеке күшейе түсті. Осы орайда, біз партиямыздың басты саяси күш ретіндегі рөлін сақтауымыз қажет. Бұл - өте маңызды міндет. Басқаша айтқанда, ұйым әрдайым ел мүддесін қорғайтын нағыз халықтық партия болып қалуы керек», - деді Тоқаев.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы атауы «Аманат» болып өгеретін партияның басты міндетін атады.
«Енді білек сыбана жұмыс жасауымыз керек. Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр. Партия атына заты сай болуы тиіс. Ел бірлігін нығайтып, Жаңа Қазақстанды құру - бәрімізге ортақ міндет. Осы міндетті абыроймен атқарсақ, болашағымыз да баянды болмақ. Партияның әрбір мүшесі бұл жауапкершілікті терең сезініп, аянбай еңбек етеді деп сенемін» - деді Мемлекет басшысы партияның кезектен тыс съезінде.