Halyq Uni логотип
×

Ақтөбеде белгісіз болып келген ерекше орындардың координаттары түсірілді

Бір аптаға созылған туристік экспедиция аяқталды

 Халық үні 08.11.2022 | 17:17
Ақтөбеде белгісіз болып келген ерекше орындардың координаттары түсірілді
Halyq Uni

Ақтөбеде ішкі туризмді дамытуға ден қою мақсатында ашылған «Visit Aktobe» Туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен бірнеше күнге созылған туристік экспедиция аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni. 

Аймаққа арнайы келген экпедиция қатысушылары Ақтөбе облысындағы көпке белгілі және белгісіз жерлерді аралап, өңірдің тарихи-мәдени орындары танысты.
Жиһанкездер Хромтау ауданындағы «Красная Москва» алқабын, Қарғалы ауданында орналасқан Сұпылысайды, Байғанин ауданында егіздер көптеп дүниеге келетін киелі Аққұм өлкесін, шетелдік ғалымдар айтып жүрген «Шахмат ханшайымы», яғни Ақбота-Сәңкібай шоқысын, жерастынан шығатын артезиан суларын, Доңызтау, Зымыстан, Құтымның шоқысы, Желтау тауын өз көздерімен көрді.

Сондай-ақ, экспедиция мүшелері жол жөнекей жай ғана жүретін жерлерін бағамдап қана қоймай,  туристерге ыңғайлы болсын деп түрлі белгісіз ерекше жерлерге аялдап, арнайы координаттар түсірді. Бұл өзге де адамдарға адаспай келуге ыңғайлы болу үшін және қайда орналасқанын бірден google maps-тан оңай тауып алуға себепші болса деген ниет. 
«Visit Aktobe» Туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған экспедиция бір аптаға созылды.

«Алдағы уақытта да игі дәстүр жалғасын табады деген сенім мол. Өңірдегі туризмді қарқынды түрде дамыту – ел экономикасын арттыратын бірден-бір құрал. Демек, мұндай экспедиция өзге де өңірлерге қажет деп білеміз. Ақтөбе деген атаудың өзінде үлкен мән жатыр. Қарғалы мен Елек өзендерінің құятын сағасында жатқан төбені кезінде жұрт «ақ төбе» деп атапты. Сол кезде-ақ, ел Ақтөбенің туристік салада айқын жетістіктерге жететінін сезгендей», - дейді экспедиция мүшесі Арай Раисқызы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама