×

Марафоншы Марат Жыланбаев тағы да қамауға алынды

Былтыр Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы сыни мәлімдемелерінен кейін сотқа берілген болатын

 Еркеғали Болатұлы 13.11.2022 | 14:33
фото: i.ytimg.com

Астанада әлемге әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев 15 күнге әкімшілік қамауға алынды.

Марат Төлегенұлы Жыланбаев ӘҚБтК 488-бабының 6-бөлігінде («Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу») көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әкімшілік жазаға тартылды. 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Қамау мерзімі 2022 жылдың 11 қарашасы, 17.05-тен, әкімшілік қамауға алынған кезден бастап есептелсін, - делінген судья Ақерке Бектұрғанованың қаулысында.

Құжатта Жыланбаевтың биыл 21 тамызда Астанада Гүлдер бағы алаңындағы митингке рұқсатсыз қатысқаны айтылған. Осылайша, Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу қаулысында марафоншының өз кінәсін мойындамағаны және саябаққа мәдени шараның шынымен өтіп жатқанына көз жеткізу үшін келгенін түсіндіргені атап өтілген.

Ол былтыр да Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы сыни мәлімдемелерінен кейін сотқа берілген болатын. «Ар-Бедел» ҚҚ Жыланбаевтың жарияланымдарын «саяси көшбасшының қызметіне қатысты теріс қоғамдық пікірдің қалыптасуына, жалпы Қазақстан Республикасындағы саяси жүйеге теріс көзқарастың қалыптасуына ықпал ете алады» деп есептеген еді. Ал марафоншы 10 шілдеде өзінің ұсталғанын хабарлады. Бірақ сол күні босатылған.

Еске сала кетсек, Марат Жыланбаев 1,5 жыл ішінде әлемдегі ең үлкен үш шөлді жалғыз жүгіріп өту арқылы танымал болған. Ол – мұндай жетістікке қол жеткізген әлемдегі жалғыз адам. Оның орнатқан рекордын 30 жылға жуық уақыт бойы ешкім жаңартқан жоқ.

Сондай-ақ Марат Жыланбаев Гиннес рекордтар кітабына 7 рет енген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама