Украина жауынгерлері Херсон облысын басқыншылардан азат етті
200-ден аса әскери қызметкер Украина азаматтарына жыныстық зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталды
Кеше Украинаның арнайы жасақтары Херсонға кіріп, президент Владимир Зеленский бұл күнді тарихи сәт деп атады.
Біз еліміздің оңтүстігін, Херсонды қайтарып жатырмыз. Қазірдің өзінде қалада арнайы бөлімшелер бар. Херсондықтар күтті, олар Украинадан бас тартпады. Мемлекетіміздің үміті қашан да ақталады. Украина өзінікін біреуге беріп қойып, қарап отырмайды, – деді Владимир Зеленский.
Ал Ресей тарапы әскерлерінің шығарылуын сарбаздардың өміріне алаңдаушылықпен түсіндіріп, онысын «тактикалық қадам» деп атады.
Қазір Украина бас прокурорының кеңсесі азат етілген Херсон облысының Берислав ауданынан 3 тұрғынның мәйіті табылғанын мәлімдеп отыр. Елді мекенді оккупациялау кезінде қаза тапқан олардың денелерін құқық қорғау органдары жертөледен тапқан.
Жалпы, Ресей Украинаға басып кіргелі 44 мыңнан аса қылмыс тіркелген. Оның 43 мыңы – заң бұзу, соғыс ережесін бұзу, әскери тұтқындармен дөрекі қарым-қатынас жасау тәрізді қылмыстар.
Украина бас прокуроры 200-ден аса ресейлік әскери қызметкердің аты-жөнін анықтаған. Оларға Украина азаматтарына жыныстық зорлық-зомбылық көрсетті деген сырттай айып тағылып отыр. Украина бас прокуроры кеңсесі әскери қылмысты тергеу департаментінің жетекшісі Юлия Белоусованың айтуынша, оккупацияланған аумақта балалар мен қарттарға да күш көрсетілген.