Қала тұрғыны аудандық полиция басқармасына жеткізілді
Шымкентте полицейлер 5 қабатты үйдің төбесінен секірмек болған жас әйелді құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
102 пультіне «Адия» тұрғын үй кешенінің тұрғындарынан қоңырау түсті. Олар белгісіз адамның көпқабатты үйдің төбесіне көтеріліп, өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын хабарлады.
Кезекші жедел түрде патрульдік полиция полкінің барлық экипаждарына хабарлама тастады.ТШақыруға бірінші болып 1-рота қызметкерлері Қанат Бишинов пен Бейбіт Нұрпейісов келді.
Патрульдік полицейлер бірнеше минут ішінде өз өмірін қатерге тігіп, көпқабатты үйдің төбесіне көтерілді және әйелді әңгімеге тартып, назарын аудару арқылы ойынан қайтарып, құтқарып қалды.
Қала тұрғыны аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Белгілі болғандай, әйелдің үш баласы бар. Әңгімеден кейін полицейлер оны күйеуіне тапсырды.
Өз кезегінде жұбайы тәртіп сақшыларына қызметі үшін алғыс айтты. Әйел қазір отбасымен бірге.