Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі өтіп жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан партияның кезектен тыс съезінде Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Nur Otan партиясының атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынды. Президент партия атауын «Аманат» деп өзгертуді қолдады.
Мемлекет басшысы Nur Otan атауына қатысты бірнеше ұсыныс болғанын айтты. Тоқаев «Аманат» сөзінің мағынасы терең екенін, еліміздің тарихы мен мәдениетінде айрықша символдық мәні бар екенін, бұл өз кезегінде өшпейтін тәуелсіздіктің идеалдарын, қуатты мемлекеттілік пен ортақ ұлттық бірлік құндылықтарын білдіретінін атап өтті. Сонымен қатар Президент отанымыздың шексіз кеңістіктерін бабаларымыз бізге аманат еткенін сөз етті.
Біз осы баға жетпес мұраны сақтап, нығайтуымыз керек. Осы тұрғыда біздің бабаларымыздың және болашақ ұрпақтың алтында қасиетті міндетіміз қамтылған. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде «Аманат» деп атауды толық қолдаймын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан бөлек, Тоқаев партияның орталық аппаратына жұмыс тобын құрып, партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді тапсырды. Жаңа тұғырнама партияның келесі съезінде бекітіледі.
Айта кетейік, кеше партияның саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда арнаулы қаулымен съезд күнтәртібі бекітілген еді. Күнтәртібіне сәйкес, партияның саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу және Nur Otan партиясын модернизациялау мәселелері қаралады.
28 қаңтарда Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланды. Сонда Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының құрылымын қайта қарау керектігін тапсырып, партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымын жоюды ұсынды.
Еске салайық, 2006 жылғы 4 шілдеде «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IX съезі өтіп, «Асар» партиясымен бірікті. Сол жылы 22 желтоқсанда «Отан» РСП-ның кезектен тыс Х съезінде Азаматтық және Аграрлық партиялардың қосылып, «Отан» РСП-ның атауы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы болып өзгертілді.
2013 жылғы 18 қазанда «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс XV съезі өтіп, партия доктринасы қабылданды. Партия ребрендинг жасап, «Нұр Отан» ХДП атауын «Нұр Отан» партиясына ауыстырды.