Салтанат Тұрсынбаева мен Мейрам Қажыкен бір-біріне сұрақ қойды
Қазақстан президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен кандидаттардың телевизиялық дебатында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған кандидат Салтанат Тұрсынбековаға сұрақ қойды.
Сіздің сайлауалды бағдарламаңызда теория да, практика да жоқ. Алайда популизм өте көп. Сіз ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейін көтеруді ұсынасыз. Мұны қалай істейсіз? Бұл маған келешекте қажет болады, - деді Мейрам Қажыкен.
Салтанат Тұрсынбекова сайлауалды бағдарламасында теория да, практика да жоқ деген пікірге келіспеді. Ол өзінің құқық қорғаушы екенін және сайлауалды бағдарламасында барлығы нақты жазылғанын айтты.
«Ең төменгі күнкөріс деңгейіне келер болсақ, мұны бүгін және қазір шеше алмаймыз. Бағдарламадағы барлық мәселе терең зерттеледі. Оның ішінде Қазақстанның қазіргі жағдайы да ескеріледі. Қазір шәкіртақы, зейнетақының ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты бекітілетінін көріп отырмыз», - деді Салтанат Тұрсынбекова.
Теледебат барысында Салтанат Тұрсынбекова «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан ұсынылған Мейрам Қажыкеннен «Сіз кімсіз, мистер Қажыкен? Сіздің артыңызда кім тұр?» деп сұрады. Ол Қажыкеннің бұрын-соңды қоғамда көзге көп түспегенін алға тартты.
Мені менің әріптестерім, оның ішінде ғылыми конференциялар, жарияланымдар арқылы шетелдік әріптестерім таниды. Мен кәсіби ортада танымалмын. Ал менің артымда кім тұрғанына келсек, менің артымда кәсіподақтар тұр. Мені кәсіподақ ұсынды. Менің президент сайлауына түсуімді 1,1 миллион адам ұсынды. Мен олардың үмітін ақтауым қажет», - деді Мейрам Қажыкен.
Айта кетейік, Қазақстан президенттігіне кандидаттар мен олардың өкілдері арасында телевизиялық дебат өтіп жатыр.