Келесі үш жыл ауылды түлету жылы деп жарияланады – Ерлан Қошанов
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға триллион теңге бөлінеді
Қазақстан президенттігіне кандидаттардың және олардың сенімді өкілдерінің қатысуымен телевизиялық дебат өтіп жатыр. Оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Ерлан Қошанов қатысты.
Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сайлауда жеңіске жетсе, елде қандай өзгерістер болатынын баяндады.
«Алдағы 7 жылда Қазақстан қандай болады? Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы осы сұраққа толық әрі нақты жауап береді. Қазір халқымыздың басты талабы қандай? Ол – әділдік. Бағдарламаның негізгі өзегі де осы. Бірінші, әділетті қоғам. Яғни, қоғамда заң үстемдігі мен тәртіп салтанат құруға тиіс. Екіншіден, әділетті экономика. Ендігі жерде билік те, байлық та бір қолға шоғырланбайды. Шетел асқан халықтың қазынасы елімізге толықтай қайтарылады. Үшіншіден, әділетті мемлекет. Яғни, мемлекет ешкімнің жеке меншігі емес. Әділетті, бақуатты, қауіпсіз мемлекетті бәріміз бірге құратын боламыз», - деді Ерлан Қошанов теледебатта.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сайлауалды бағдарламаны жүрегімен жазғанын айтқанына назар аударды.
Бағдарламада барлық өзекті мәселенің шешімі қамтылған. Тиынына дейін есептелген. Ең алдымен мемлекеттің тәуелсіздігін, тұтастығын, тұрақтылығын барынша нығайтамыз. Елдің қорғаныс қабілеті артады, - деді Қошанов.
Айтуынша, елдің саяси жүйесі түбегейлі қайта қаралады.
Объективті және тәуелсіз сот төрелігі қамтамасыз етілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүргізіледі. Ешкімге ерекшелік қарастырылмайды. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы, – деді Қошанов.
Қошановтың айтуынша, әлеуметтік мәселелер жүйелі түрде шешіледі. Әрбір азамат мемлекет қамқорлығын сезінеді. Балабақша мен мектеп, жатақхананың жетпеуі секілді мәселе шешіледі. Жемқорлардан алынған қаражаттың бәрі жаңа мектеп салуға жұмсалады. 7 жыл ішінде 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Ең алдымен жас отбасылар қамтылады. 3 миллионнан аса адам жұмысқа орналасады. Шағын және орта бизнесті дамытуға жайлы жағдай жасаймыз. Жаңа салық кодексі қабылданады. Ол әділ, тұрақты салық салуды қамтамасыз етеді.
Келесі үш жыл ауылды түлету жылы деп жарияланады. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға триллион теңге бөлінеді. Ауылдарда 700 медициналық нысан салынып, мәселе толық шешіледі, – деді Қошанов.
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне 6 кандидатты тіркеді. Оның ішінде 2 әйел және 4 ер адам бар. Ішінде 1 мемлекеттік қызметкер, 1 коммерциялық құрылымның өкілі, 4 үкіметтік емес сектордың өкілі, оның ішінде 1 саяси партияның өкілі бар.
Осылайша 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін Қазақстан президентін кезектес тыс сайлауына Халық коалициясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан Жигули Дайрабаев, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарақат Әбден, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Салтанат Тұрсынбекова, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы Нұрлан Әуесбаев, «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан Мейрам Қажыкен қатысады.