Нұрлан Нығматулин Nur Otan партиясы саяси кеңесі құрамынан шығарылды
Саяси кеңеске Әлихан Смайылов, Мұрат Нұртілеу, Камалжан Надыров және Максим Рожин енді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі басталды.
Бұған дейін хабарланғандай, онлайн форматтағы іс-шараға еліміздің әр өңірінен 399 делегат қатысып жатыр.
Айта кетейік, кеше партияның саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда арнаулы қаулымен съезд күнтәртібі бекітілген еді. Күнтәртібіне сәйкес, партияның саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу және Nur Otan партиясын модернизациялау мәселелері қаралады.
Nur Otan партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның саяси кеңесінің құрамына ұсынылып отырған өзгерістер туралы айтты.
Съезде Nur Otan партиясы саяси кеңесінен бұрынғы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин мен Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры Оспанбек Әлсейітов шығарылды.
Сондай-ақ партияның саяси кеңесінің құрамына премьер-министр Әлихан Смайылов, Президент әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеу, «Астана» медициналық университетінің ректоры Камалжан Надыров және «Қазақ тілі қоғамы» вице-президенті Максим Рожин енді.