Ресей енді Қырымды қорғауға дайындалуда

Дастан Жұмабекұлы

Сарапшылар РФ әскерінің қамал тұрығызып жатқанын айтты

фото: ашық дереккөз

Қазіргі күндері Ресей Қырым түбегін Украина армиясының шабуылынан қорғаудың амалдарын жасап жатыр. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

«Ресей Херсонды Украинаға бергені туралы ресми мәлімдеме жариялауының алдында Қырымның солтүстік жағындағы ескі окоптарды қалпына келтіріп, жаңаларын қазуды қолға алды», – делінген хабарламада.

OSINT аналитигі Банджамин Питтет Херсон облысы мен Қырым арасындағы «Джанкой» бақылау-өткізу бекеті маңында, сондай-ақ Қырымның солтүстік-батысындағы Армянск қаласының жанында қазылған жаңа траншеялардың спутниктен түсірілген суреттерін жариялады.

«Бұл тақырып сіздерді таңғалдырады ғой деп ойлаймын. Ресей Қырымның солтүстігінен жаңа окоптар қазуда», – деп жазды ол.

Оның айтуына қарағанда, «Чонгар» бақылау-өткізу ауданындағы бұрыннан бар бекіністердің қалпына келтіріліп жатқанын тамыз бен қазан айларында түсірілген суреттер айғақтайды.

Мұндай қорғаныс бекіністері Херсон облысында өңірдің оккупациялық әкімшілігі орналасқан Геническіге баратын жолдағы Новотроицкое кенті ауданында да салынып жатыр.

«Басқа позициялар бүкіл өңір бойында көрініп тұр. Олар қамал тұрығызуда», – деді сарапшы.