Президент түркі елдеріне тың ұсыныстар айтты
Мемлекет басшысы алты бағытта дамудың жолын көрсетті
Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның жұмысын одан әрі жетілдіріп, дамыту үшін алты бағытта қызмет етуді ұсынды.
Ол өз сөзінде еліміздің түркітілдес мемлекеттермен достық және тату көршілік қатынастарды дамытуға күш салып келе жатқанын, соның бір айғағы – еліміздің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты екенін, оны іске асыру үшін Түркі мемлекеттері ұйымының стратегиясы қабылданатынын айтты. Осыдан кейін президент Түрік елдері ұйымының қызметі мен жұмысына қатысты ұсыныс-пікірін білдірді.
Осы ретте, мемлекет басшысы әуелі сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін транзиттік көлік дәліздерін дамыту мәселесіне тоқталды.
«Бірінші, қазіргі алмағайып кезеңде транзит-көлік коммуникациясының әлеуетін арттыру және оның мүмкіндігін барынша пайдалану аса маңызды. Себебі, біздің мемлекеттеріміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырады.
Бауырлас үш ел арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондықтан, біз көлік-логистика саласына ерекше мән береміз. Соңғы 15 жылда Қазақстан осы саланы дамытуға 35 млрд доллар қаржы бөлді. Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүдделіміз. Сол үшін 2025 жылға дейін тағы 20 млрд доллар инвестиция тартуды көздеп отырмыз», - деді ол.
Осы тұста президент халықаралық көлік-транзит дәліздерін дамыту туралы ұсынысын айтты.
Ол түркі мемлекеттерінің басшыларына қарата айтқан сөзінде іздерді транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді одан әрі жетілдіріп, шекара бекеттерін жаңғыртуды, қолданыстағы теміржол және автокөлік бағыттарына балама жолдар табу үшін кешенді шаралар қабылдауды ұсынды.
Одан кейін мемлекет басшысы «цифрлық көлік жүйесін» қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл қадам жүктерді рәсімдеу шараларын оңтайлы етеді. Оған қоса, тасымал құжаттарын жылдам алмасуға жол ашады. Халықаралық нарыққа шығуға қосымша мүмкіндіктер береді.
«Екінші, - деді ол сөзін әрі қарай жалғап, - елдеріміздің ІТ-саласындағы қарым-қатынасын жандандырған жөн. Соңғы кезде геосаяси ахуалға байланысты мемлекеттер бір-бірінен технологиялық тұрғыдан оқшауланып жатыр. Түркі елдерінің IT-саласына қатысты тың тәсілдер әзірлеуі айрықша маңызды. Бұл біздің цифрлық дамуымызға жол ашады. Осы ретте, мен Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынамын. Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Кездесуде президент үшінші мәселе етіп жасыл экономиканы дамытуды мәселесін де айналып өтпеді. Ол «Жасыл экономиканы» дамыту – аса маңызды міндет шаруа екенін, қазір климаттың өзгеруі көптеген әлемдік сын-қатерлер тудырып жатқанын айтып, оның бүкіл халықаралық қауымдастықты алаңдатып отырғанын, ал оның экологиялық салдары елдеріміздің өркендеуіне кедергі келтіретінін ескертті.
Сонымен бірге ол түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайтуды ұсынды.
«Төртінші, Түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажет. Осыған орай, біз 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оны Түркі университеттері одағы аясында өткізуге болады. Біз академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасауымыз керек», - деді ол.
Басқосуда Тоқаев түркі елдерінің басшыларына жақында ғана Моңғолияда екінші Түркі қағанатын тірілткен Құтлық қағанның кешенінің табылғанын хабарлады. Сол себептен ол түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлуді ұсынды.
«Бесінші, түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл – «түркі» деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш. Осы орайда, мен Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеуді ұсынамын», - деді мемлекет басшысы.
Саммиттегі сөзінің соңында президент Түркі мемлекеттері ұйымының қызметі мен жұмысына баға беріп, тағы да бірнеше ұсынысын ортаға салды. Ол ұйымның жұмысын жүйелеп, орнықтыратын кез келгенін айтты.
«Алтыншы, Түркі мемлекеттері ұйымы мен басқа да құрылымдарды жүйелеп, орнықтыратын кез келді деп ойлаймын. Қазір ұйым хатшылығына жүктелетін жауапкершілік артты. Сондықтан Түркі кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісімінің 13-бабындағы Тұрақты өкілдер туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Олар өзара іс-қимылымызды үйлестіру ісінде маңызды рөл атқарар еді.Біздің бірлігіміз жыл өткен сайын нығайып келеді. Соның арқасында Түркі әлемінің халықаралық аренадағы саяси салмағы едәуір артты. Түрік Республикасының президенті, жоғары мәртебелі Режеп Тайып Ердоған бір жыл бойы Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы міндетін атқарды. Осы уақыт ішінде ұйымның мәртебесін көтеріп, ықпалын нығайтуға зор үлес қосты. Сол үшін бауырым – Режеп мырзаға алғыс айтамын», - деді президент.
Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің қорытындысы Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің декларациясына, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттамасына, Түркі мемлекеттері ұйымы рәсімдерінің ережелерін қабылдау туралы шешімге, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысын және оның орынбасарларын, сондай-ақ Түркі академиясының президенті мен вице-президентін тағайындау туралы шешім мен Түркі инвестициялық қорын құру туралы шешімге қол қойылды.