Мемлекет басшысы барлық елді БҰҰ-ның жарғысын қатаң сақтауға шақырды
Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық елдің территориялық тұтастығы туралы сөз сөйлеп, көрші елдерді Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысын қатаң сақтауға шақырды.
«Қазақстан барлық елдің территориялық тұтастығын біржолата қолдайды және Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң сақтауды қажет деп есептейді. Бұл – еліміздің негізгі мүддесіне толығымен сай келетін қажетті қағидат. Сондықтан бұл қағидатқа басымдық ретінде баса назар аударамыз», – деді ол.
Одан әрі президент еліміздің Түркі әлемімен ықпалдастықты одан әрі нығайтуға және оны жаңа сатыға көтеруге әрқашан мүдделі екенін. Осы ұйымның аясында да Қазақстан түркі мемлекеттермен қарым-қатынасты жан-жақты дамыта беретінін атап өтті.
«Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келеді. Біз Түркі әлемінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан, ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз.
Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көруге болады. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі Академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр», – деді президент.
Оның айтуынша, Қазақстан түркітілдес мемлекеттермен достық және тату көршілік қатынастарды дамытуға күш салып келеді. Соның бір айғағы – еліміздің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты. Оны іске асыру үшін бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының стратегиясы қабылданады.
Бұдан басқа президент түркі әлеміндегі ықпалдастықты ел-елге, жер-жерге көрсету үшін Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде насихаттауды ұсынды.