Оқиға 9 қарашада Солтүстік Қазақстан облысындағы мекемеде болған
Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түрмедегі адам өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Солтүстік Қазақстан облысында жазасын өтеушілер арасындағы төбелестің видеосы тарады. Оқиға Айыртау ауданына қарасты Новоyкраинка ауылында орналасқан №51 РММ төтенше қауіпсіз мекемесінде болған.
28 жастағы және 46 жастағы сотталғандар арасында жанжал туындаған. Артынша сотталғандардың бірі екіншісінің басынан бірнеше рет ұрған.
Желіде жарияланған видеода түрме қызметкерлерінің екі сотталған адамның арасында жанжал шыққан кезде әрекет етпегені көрсетілген. Соған байланысты Halyq Uni Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен қызметкерлеге қандай шара қолданылатынын сұрады.
Қазір өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Оның нәтижесі бойынша тиісті шара қолданылады, - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ жазасын өтеушіні балғамен ұрғаны айтылды. Комитет Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, оқиға салдарынан 1976 жылы туған жәбірленуші Айыртау ауданының орталық аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді.
Алайда ол есін жимастан қайтыс болды. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.