×

Қаңтар оқиғасы: 9 құқық қорғау қызметкері ұсталғандарды азаптады деген күдікке ілінді

Қазір Қаңтар оқиғасы бойынша 3502 қылмыстық іс тергеліп жатыр

 Ербол Тұрымбет 01.03.2022 | 10:06
фото © Самат Құсайынов

Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұсталғандарды азаптау және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 203 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Бас прокуратураның алқа отырысында айтылды.

Қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаевтың сөзінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында заңсыз тергеу әдістерін қолданды деген күдікпен 9 құзырлы орган қызметкері ұсталған.

Бұдан бөлек, Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу-жедел топтары терроризм актілері, кісі өлтіру, қару ұрлау және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3502 қылмыстық істің тергеліп жатқанын жеткізді. Қазір 737 күдікті тергеу изоляторында отыр.

Қаңтар оқиғасы бойынша 1,5 мыңға жуық орын тексерілді, 1500-ден астам сот-медициналық сараптама тағайындалды. Прокуратура органдарына заңсыз тергеу әдістері мен азаптау туралы 283 арыз түсті. Оған кінәлі құқық қорғау органдарының қызметкерлері заң алдында қатаң жауапқа тартылады, - деді Серік Шалабаев.

Бұған дейін Бас прокуратура арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров Қаңтар оқиғасына қатысты ұсталған 6 адамның уақытша ұстау абақтысында қайтыс болғанын мәлімдеді: Алматыдағы уақытша ұстау абақтысында екі адам, Шығыс Қазақстан облысында үш адам және Талдықорғанда бір адам қаза тапқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама