×

Бауыржан Исламхан допинг дауынан кейін Қазақстан құрамасына шақырту алды

Ол екі жылдан кейін жасыл алаңға шығады

 Дастан Жұмабекұлы 11.11.2022 | 09:40
фото: prosports.kz

Бауыржан Исламхан Қазақстан ұлттық құрамасының қараша айында Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктерімен өткізетін жолдастық матчтарына шақырту алды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы хабарлады.

«Футболшының екі жылдық дисквалификациясы аяқталып, кәсіпқой командамен жаттығуды жалғастыруға болатыны туралы тиісті құжаттар алынды», – делінген хабарламада.

Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабы бір ай бойы Бауыржан Исламханмен жаттықтыру жұмысын жүргізіп, командаға шақыру туралы шешім қабылдады.

Бауыржан туралы көп естігенмін. Оның үлкен таланты мен мол тәжірибесі бар. Алдағы оқу-жаттығу жиынында оның дайындығын қараймыз. Өйткені, екі жылдай Исламханның ойын тәжірибесі болмады. Оқу-жаттығу жиынында оның бабының қандай екенін көріп, алдағы ойындарға қаншалықты дайын екенін білетін боламыз, –  деді Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев.

Бауыржан Исламхан алғаш рет Қазақстан құрамасының сапында 2012 жылғы 29 ақпан күні Латвияға қарсы жолдастық матчта алаңға шықты. Ұлттық құраманың қатарында 46 ойын өткізіп, үш голдың авторы атанды.

Соңғы рет ол Қазақстан құрамасында 2020 жылдың қыркүйек айында Беларусь командасына қарсы ойнады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама