×

Алматыда құбыры тозған жылу трассасы он сегізінші рет жарылды

Жылу трассасы 36 жыл бұрын пайдалануға берілген

 Халық үні 11.11.2022 | 09:33
Фото: Zakon.kz

Алматыда 10 қарашада құбыр жарылды. Алматы қаласының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының хабарлауынша, 11 қарашаға қараған түні жағдай қалпына келтірілді.

Алмалы ауданында Гоголь көшесінен төмен Шәріпов көшелерінің қиылысында жылу трассасы жарылды. Апатқа құбырдың тозуы себеп болған.

Диаметрі 400 мм зақынданған құбырды жөндеу үшін ауданды ыстық сумен қамтамасыз ету уақытша өшірілген.

Жылу трассасы 30 жылдан астам уақыт бұрын – 1986 жылы пайдалануға берілген. Соңғы жылдары бұл аумақта құбырдың тозуына байланысты 17 апат болған, 10 қарашада он сегізінші оқиға тіркелді.

Апат салдарынан 67 көппәтерлі және 2 жеке үй, 6 білім беру нысаны және 20-дан астам басқа нысан уақытша жылусыз қалды.

Басқарманың хабарлауынша, «Алматы жылу желілері» ЖШС бригадасы диаметрі 400 мм құбырды қалпына келтіруді аяқтады.

Сынақ жүргізілгеннен кейін жылу магистралі пайдалануға берілді және түнгі сағат 02:40-та жылу беру қалпына келтірілді. Белгіленген режимде жұмыс істеп тұр. Шәріпов көшесіндегі көлік қозғалысы қалпына келтірілді, - делінген басқарма таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ шұғыл жағдайда +7-727-378-06-65 телефоны бойынша «АлТС» ЖШС апаттық-диспетчерлік қызметіне хабарласуға болады.

Басқарма азаматтардан өз бетінше әрекет жасамауды және оқиға туралы хабарлауды сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама