Куәгерлердің айтуынша, Украинада қалып қойған көлік жүргізушілерінің саны 50-ден асады
Батысқазақстандық Нұрым Садықов пен Қайрат Шалтанов – жүк көлігінің жүргізушілері. Олар 23 ақпанда Украинадағы DEMETRA зауытынан ауыл шаруашылық техникасын алып келуге барған. Содан бері елге кері қайта алмай, шыға алмай отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«23 ақпанда кешке Украинаның Кировоград облысындағы Кропивницкий қаласындағы ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын DEMETRA зауытына жетіп, қондық. Таңертең тұрсақ айқау-шу, не болғанын түсінбей қалдық. «Соғыс басталды!» деді. Зауыт басшысы бізді екінші зауытқа алып барды, жүк көліктерімізді соның ауласына қойдық. Украина халқы бізді үйне шақырып, барынша көмектесіп жатыр. Тұрғындармен бірге жертөлеге тығылдық. Азық-түлік әкеліп беріп жатыр», - деді Нұрым Ищанұлы телефонмен тілдескенімізде.
Нұрым Ищанұлы Украинадағы Қазақстанның елшілігі өкілдерімен сөйлескенін, бірақ эвакуацияланған азаматтардың тізіміне ілінбегенімізді айтты.
Кеше елшілік қызметкерлері бізге Львовқа келіңдер деген, бүгін Киевке жетіңдер дейді. Киевке шыға алмаймыз, жол жабық. Қозғалыс мүлдем жоқ. Жолға шыққымыз келген, блокпосттағылар «бәрібір әрі қарай сіздерді жібермейді» деді. Киев қаласына дейін шамамен 400 шақырымдай, - дейді.
Қазір Украинаға кеткен оралдық үш азамат көлігінде түнеп жүр екен. Зауыт басшылары да, қала тұрғындары да оларға пәтерге қонуды ұсынған. Алайда, көлік жүргізушілері қалада тұру қауіпті деп есептейді.
«Кеше үстімізден ұшақтар 3 рет ұшты. Түнімен бетон плиталарды паналап отырдық. Оның алдында үстімізден әрлі-берлі ұшқан ұшақтар біз тұрған жерден 25 шақырымдай жердегі әуежайды атқылап жарды. Оның арғы жағындағы Киевке шығатын жол, көпірлерді жарып жіберді», - дейді оралдықтар.
Айтуынша, зауыт жұмысы тоқтаған. Зауыттағы жастардың бәрі соғысқа кеткен. Көлемі Орал қаласымен шамалас Кропивницкий қаласының өзі әзірге аман. Мұнда әскери нысандар аз екен. Инфрақұрылым тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Интернеттен ажыратылмаған. Қазақстандықтар отбасыымен хабарласып отыр.
Оралдың екі жігіті бізден 200 шақырым жерде Николаевка деген жерде жатыр. Ауыл шаруашылығы техникасын тиеп жолға шыққан олар, Харьков қаласы атқылаудың астында қалғанда кері қайтуға мәжбүр болды. Таныстарының үйін паналап жатыр. Комменданттық сағат. Тастап кеткен көліктеріне де жете алмай отыр, - дейді Нұрым Садықов.
Нұрымның айтуынша, Украинада қалып қойған көлік жүргізушілерінің саны 50-ден асады. Олар Үкіметтен аман-есен елге қайтаруды сұрайды.
Еске салайық, кеше Украинада болған 175 қазақстандық Польша арқылы Алматыға эвакуацияланды. Қазақстанға эвакуацияланғандар арасында 169 ересек, 6 бала бар.
Бұған дейін Қазақстанның 241 азаматы Украина-Польша шекарасын кесіп өткені хабарланды. Қазақстандықтар Польшаның Катовице қаласы арқылы Қазақстанға эвакуацияланды.
Нұрлыбек Рахманов, БҚО