Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды
Әлеуметтік желіде екі ер адам арасындағы төбелестің видеосы тарады. Желі қолданушылары видеоның жазаны өтеу мекемесінде түсірілгенін жазды. Оқиға Солтүстік Қазақстан облысында болған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Кадрдан екі азамат арасындағы төбелесті ешкім тоқтатуға тырыспағанын айқын аңғаруға болады.
Айыртау ауданына қарасты Новоyкраинка ауылында орналасқан №51 РММ төтенше қауіпсіз мекемесінде 1994 және 1976 жылы туған сотталғандар арасында жанжал туындаған. Артынша сотталғандардың бірі екіншісінің басына балғамен бірнеше рет соққы жасаған. 1976 жылы туған жәбірленуші Айыртау ауданының орталық аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді.
Алайда ол есін жимастан қайтыс болды.
Аталған дерек ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Күдікті Айыртау аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Осы оқиғадан кейін Солтүстік Қазақстан облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысы Рустан Ахметжанов қызметінен босатылды.