«VIP-қазақ қызы»: Алматы облысында «мұғалім» жол ережесін өрескел бұзған (ВИДЕО)
Облыстық полиция департаменті бойжеткеннің кім екенін анықтады
Алматы облысында көлік жүргізуші бойжеткен төңірегінде дау туындады. Желіде пайда болған видеода мектеп мұғалімі болып жұмыс істейтін жас қыздың жол ережесін бұзғаны және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны айтылады. Бұл ақпаратқа қатысты облыстық полиция департаменті мен өңір әкімдігі пікір білдірді.
«VIP-қазақ қызы», гимназия мұғалімі, Қаскелең қаласында тұрады, ІІМ-нің VIP-рұқсат қағазы бар, жүргізуші куәлігін сатады, қарсы жолақпен жүреді, көлікті мас күйінде басқарады, мүгедектерге арналған орынға көлігін қояды және мемлекеттік нөмірі жоқ көлікпен жүреді», - делінген видео сипаттамасында.
Алматы облысы полиция департаменті бойжеткеннің кім екенін анықтап, жауапқа тартқанын хабарлады.
Шынында да, Instagram парақшасында әкімшілік құқықбұзушылықтың айқын белгілері бар әрекеттері жазылған бірқатар видео жариялаған Қаскелең қаласының 2001 жылы туған тұрғыны анықталды. Ол жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 597-баптың 4-бөлігі (Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жерде тоқтап тұру), 599-баптың 1-бөлігі (Бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту), 590-баптың 2-бөлігі (Мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз автокөлік құралын басқару) бойынша жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ оның Instagram желісіндегі белгісіз тұлғалардан сатып алған VIP-рұқсат қағазы жалған , - дейді құзырлы органның баспасөз қызметінің өкілдері.
Ақпаратқа қатысты Алматы облысының әкімдігі де пікір білдірді. Ведомство бойжеткеннің оқу мекемелеріне еш қатысы жоқ екенін айтты.
Арнайы база бойынша тексеріп көрдік. Ол біздің өңірдегі оқу орындарында жұмыс істемейтінін және тізімде жоқ екенін нақты айтуға болады, - дейді Алматы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.