Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері ер адамның көлігін тексеріп, 12 пышақ тапты, деп хабарлады Polisia.kz.
9 қарашаға қараған түні Жезқазған – Петропавл жолының 949 шақырымында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол ережесін бұзған Volkswagen-ді тоқтатқан. Көлік Петропавл қаласының 36 жастағы тұрғынына тиесілі болған.
Құжаттарды тексеру барысында жүргізушіде сақтандыру полисі болмағаны әрі жүксалғыштан 12 пышақ салынған сөмке анықталды. Жүргізуші мен 2 жолаушы өздерінің қасапшы екенін айтқан.
Пышақтар сараптамаға жіберілді. Олар суық қару деп танылса, ер адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.