Halyq Uni логотип
×

Ертеңнен бастап Алматы – Қонаев арасын жаңа темір жол маршруты жалғайтын болады

Ол «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге аспақ

 Динара Амантай 10.11.2022 | 17:05
Ертеңнен бастап Алматы – Қонаев арасын жаңа темір жол маршруты жалғайтын болады
Фото: Halyq Uni

Алматы мен Қонаев арасында пойыз қатынайтын болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алматы облысына жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға өңірдің транспорттық әлеуетін арттыруды тапсырған болатын.

Атап айтқанда, Алматыдан Талғар, Есік және Қаскелең қалалары бағыттарында жолаушылар тасымалы қатынасын кеңейту және тұрақты автобус маршруттарымен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, президент мемлекеттің қатысуымен муниципалдық транспорттық кәсіпорын құрып, аймақтағы елді мекендерді толықтай автобус маршруттарымен қамту қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек, атқарушы органдарға Алматы – Қонаев бағытындағы темір жол тасымалын қайта жаңғыртып, жылжымалы құрамды жаңартуды жүктеді.

Облыс аумағындағы қалалардағы транспорттық тасымал сапасын арттыру «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге аспақ. ИИДМ мен ҰЭМ бұл тараптағы құжаттамалық рәсімдерді даярлап, экономикалық қорытынды алу үшін инвестициялық ұсынысты әзірледі. Арнайы қорытынды шығарылған соң Республикалық бюджеттік комиссия жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қажетті қаржыны бөлу мәселесін қарастырады.

Бүгінде тұрақты автобус маршруттарын ұйымдастыру бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктеріне тиісті құжаттар дайындалып, жіберілді.

Осы орайда тағы бір айта кетерлігі, биылғы 11 қарашадан бастап Алматы – Қонаев бағытында жаңа темір жол маршруты ашылады деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама