×

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға қомақты қаржы бөлінеді

Салада техниканың 80%-ы тозған

 Дәурен Ерболат 10.11.2022 | 16:16
Фото: kz.kursiv.media

Қазақстанда алдағы 3 жылда машина-трактор паркін жаңартуға 243 млрд теңге әрі 355 млрд теңге көлемінде инвестициялық субсидия бөлінеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев елде шаруалардың техникасы әбден тозғанын, олар жыл сайын қымбаттап жатқанын атап өтті.

2023-2025 жылдарға арналған бюджетке сәйкес ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 243 млрд теңге немесе жыл сайын 81 млрд теңге сомасында қаражат көзделген. Дегенмен осындай қомақты сомаларға қарамастан саланы техникамен қамтамасыз ету деңгейі өте төмен деңгейде. Министрліктің мәліметінше, бүгінде машина-трактор паркінің тозу деңгейі – 80% яғни жаңару қарқыны жылына технологиялық деңгейде 12,5%-дың орнына іс жүзінде 3,5% болып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы жыл сайын қымбаттауда. Соңғы 5 жылда комбайндар мен тракторлардың бағасы 2 есе, ал биыл олардың баға 30%-ға өсті... Министрлік осы бағыт бойынша қандай жұмыс жүргізіп жатыр? Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартудың жаңа тәсілдері мен қаржыландыру көзі қандай?, - деді сенатор министрге.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұл өте күрделі мәселе екенін жеткізді.

«Біз Үкімет және министрлік тарапынан бұл мәселеге баса назар аударып отырмыз. Біріншіден, алдағы 3 жылда 243 млрд теңгеге лизинг кредит техниканың сыйақы мөлшерлемесін арзандатуға ақша қарастырылып жатыр. Осыған қарамастан биыл нақты кредит пен лизингтің сыйақы мөлшерлемесі 21-22%-ға өскенін ескеріп, субсидия мөлшерлемесін көтеріп отырмыз. Оның алдында 10% субсидиялауға жатса, қазір оны 16%-ға көтердік. Сондықтан біз лизинг пен кредиттің сыйақы мөлшерлемесін субсидияланған сыйақы мөлшерлемесін 7%-дан 6%-ға дейін төмендеттік», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, шаруалардың техникасын жаңартуға қосымша қаржы бөлінеді.

Алдағы 3 жылдық бюджетте бізде тағы 355 млрд теңге инвестициялық субсидия қарастырылған... Сондай-ақ Қазақстанда құрастылырған техникаға да субсидия төлемі қарастырылып отыр. Біз негізі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің трактор-машина паркін жаңарту деңгейіне тоқталайын. Мысалы, былтыр бұл көрсеткіш Ресейде – 4,1%, Беларусьте – 6%, Қазақстанда – 4,3% болды. 2025 жылдың соңына дейін біз осы темпті 6%-ға дейін жеткіземіз деген жоспар бар. Биыл бюджетті нақтылау кезінде қосымша 139 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның жарты бөлігі инвестициялық субсидия яғни кредиттік лизингтің мөлшерлемесін арзандатуға бағытталды, - деді Ербол Қарашөкеев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама