Еуропаның алты ірі компаниясы Қазақстанға көшіп жатыр

Дастан Жұмабекұлы

Еліміз Ресей нарығынан кеткен 300 кәсіпорынмен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді

фото: «НК Kazakh Invest»

Еуропаның алты  ірі компаниясы өздерінің өндірісін Қазақстанға көшіру туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы Сенаттың отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты.

Оның айтуынша, Ресей нарығынан кеткен 300-ден астам еуропалық компаниямен Қазақстан жағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осы ретте, 50-ден астам компания өз өндірісінің орнын ауыстыруға қызығушылық танытқан.

«Алты компания шешім қабылдап, өндіріс орындары мен кеңселерін Қазақстанға көшіріп жатыр. Қалған компаниялар жергілікті атқарушы органдармен, министрлікпен, бизнеспен келіссөздер жүргізіп жатыр, яғни осындағы мүмкіндіктерді зерттеуге кірісті», – деді Ә. Смайылов.