Сәбина Алтынбекова спортқа қайта оралды
Волейболшы декреттен кейін команданың қатарына қосылды
Қазақстандық волейболшы Сәбина Алтынбекова спортқа оралатынын айтты. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады.
Көпшілікті толғандырып келген мәселе туралы айтқым келеді. Иә, мен қайтадан қатардамын. Жаңалықтан құлағдар болыңыздар, – деп жазды ол Instagram желісіндегі стористе.
Сәбина Алтынбекова Тайваньның астанасы Тайбэй қаласында волейболдан әйелдер арасында өткен XVII Азия чемпионатында ең сұлу спортшы атанғаннан кейін жер жүзіне кеңінен танылды. Сол кезде бойы 182 см, салмағы 59 кг, аяқтарының ұзындығы 124 см қазақ қызы туралы Тайвань, Жапония мен басқа да көптеген елдердің телеарналары репортаждар түсірген болатын. Ал интернетте көптеген роликтер пайда болды. Азиялық жанкүйерлер Сәбинаның келбеті жапондық аниме кейіпкерлеріне ұқсайды деп жарнама жасады. Интернетте Сәбина Алтынбекованың көптеген әуесқой, оның ішінде «моэ» стилінде суреттері пайда болды. Содан бері волейболшының есімі жер жүзіне тарап, танымалдылығы артты.
Сәбина 1996 жылы Ақтөбе қаласында туған. Бес жастан бастап бимен айналысқан. Ал волейболмен 14 жасынан бері айналысып келеді. Ол алғаш рет алаңға «Казхром» клубының жейдемсін киіп шықты. Сол кезде жас болса да бас бола білетінін көрмсетіп, команданың капитаны атанды. Содан кейін 16 жастан бастап «Алматиночка» (Алматы қаласы) клубында ауысып, командада жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрді. Соның нәтижесінде 17 жасында Қазақстанның волейболдан әйелдер құрамасына алынды.
2020 жылы Сәбинаға спортты уақытша тоқтатуға тура келді. Осы жылы ол Саят Салманұлы деген азаматқа тұрмысқа шығып, келесі жылы ұл баланы дүниеге әкелді. Енді волейболшы бала күтіміне байланысты демалыстан кейін үлкен спортқа қайта оралып отыр.