Halyq Uni логотип
×

СҚО-да 25-ке толмаған жиырма адам сотталды: полиция ескерту жасады

Полицейлер заңсыз айналымнан 411 келіден астам есірткі затын тәркіледі

 Самат Жақып 10.11.2022 | 12:05
СҚО-да 25-ке толмаған жиырма адам сотталды: полиция ескерту жасады
Фото: azh.kz

Солтүстік Қазақстан облысында 2022 жылдың он айында есірткіге қатысты ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 30 адам бас бостандығынан айырылды. Ішінде жиырма адам 25 жасқа толмаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Петропавл қаласының 24 жастағы екі тұрғынына қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Оның бірінің қылмыстық әрекеті бір айға жуық уақытқа жалғасқан. Тәртіп сақшылары оны ұстау кезінде тұрғылықты жерінен «тұз» деген атау берілген 17 түйіншекке салынған синтетикалық есірткіні тәркіледі.

Күдіктінің қылмысы дәлілденіп, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Апелляцияға жүгінгенімен сот үкімі өзгермеді.

Екіншісі азаматтан «тұз» салынған 174 түйіншек тәркіленді, ол кінәсін бірден мойындады. Айтуынша, зат жеткізу қызметіне жұмысқа қабылдау туралы хабарландыруды интернеттен көрген. Төленетін қаражатты ескеріп, тыйым салынған заттарды таратуға келіскен. 2,5 ай бойы есірткі жеткізумен айналысқан ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Биыл осындай интернет-дүкенді ұйымдастырғаны үшін 7 адам сотталды. Полицейлер жастарды қылмыстық әрекеттің салдарын ескеріп, жеңіл табыс үшін тағдырын талқандамауға шақырады. Синтетикалық есірткі дене және психикалық денсаулықты басқа есірткімен салыстырғанда тез бұзады. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер есірткі заттарының заңсыз айналымының 204 фактісін анықтады, оның ішіндегі 70-і сату фактісі», - дейді  СҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Полицияның хабарлауынша, 411 келі түрлі есірткі заты тәркіленді. Ал оның ішінде 2 келі 200 грамы синтетикалық есірткі болып шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама