Шойгу мен Суровикин РФ әскерінің Херсоннан шығуға мәжбүр екенін мойындады

Еркеғали Болатұлы

Украина армиясы Каховка және Антонов көпірлерін істен шығарған

фото: Александр Черный/AP

Ресей әскері Украинаның Херсон қаласынан кетуге мәжбүр. Себебі жауынгерлерге қажетті қару-жарақ, азық-түлікті жеткізу қиындап кеткен.

Осыған орай, РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Украинадағы Ресей әскерінің қолбасшысы, генерал Сергей Суровикин армия жақын арада Днепрдің оң жағалауынан шығатынын жариялады.

Бұған дейін Украина армиясы Американың HIMARS қаруымен Каховка және Антонов көпірлерін істен шығарған болатын. Ресей әскері пароммен қатынауға мәжбүр болғанмен, бұл қатынас түрі де шабуылға ұшыраған.

Херсон – Ресейдің бақылауына өткен бірден-бір облыс орталығы. Енді қала ресейліктерден қайтарылса, Херсон облысының бір бөлігі Украинаның бақылауында болады.

Украина президенті Владимир Зеленский армияның жетістіктеріне қатысты ақпаратты ашып айтқан жоқ.

Бұл Украина жерін азат ету және шығындарды азайту үшін маңызды, - деп қысқа қайырды сөзін.

Сондай-ақ ол Донецк облысында ірі шайқас жүріп жатқанын мәлімдеді.