×

Аймағамбетов мектептердегі өзін-өзі басқару ұйымдарының 40 көшбасшысымен кездесті

Кездесу бейресми форматта өтті

 Динара Амантай 10.11.2022 | 09:44
Фото: @aimagambetov

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Білім-инновация» лицейлерінде оқитын мектептің өзін-өзі басқару ұйымдарының 40 көшбасшысымен кездесті. Бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасына жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, кездесу бейресми форматта өтіп, балалар ерекше белсенділік пен қызығушылық танытқан.

Балаларды мектептегі үштілді оқыту және тілдерді кезең-кезеңімен үйрену, академиялық дербестік, дебаттар өткізу, мектептің өзін-өзі басқаруын дамыту, мектептерде құндылықтарды сіңіру және т.б тақырыптар қызықтырды. Жергілікті өзін-өзі басқару көшбасшылары музыкаға, кітаптарға деген қызығушылықтары, балалар арасында осы бағыттардағы негізгі трендтер туралы айтты, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Айта кетсек, мектептегі өзін-өзі басқару институты балалардың мектептен бастап құқықтық және саяси мәдениетін арттыру, қосымша машықтарды үйрету және азаматтық белсенділігін дамыту мақсатында құрылған.

Бұған дейін білім беру ұйымдары мектептің өзін-өзі басқаруын жүзеге асыратын арнайы әдістемелік нұсқау әзірленген болатын. Осылайша балаларға мектептің қоғамдық өміріне қатысуға, бастама көтеруге, ұсыныстар жасауға, сыныптастарының мүдделерін білдіруге және мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып, бар мәселелерді шешуге мүмкіндік беріледі.

Бұған қоса ведомство басшысы аталған жобаның ауқымын кеңейту көзделгеніне назар аударды.

Әріптестерім де балалардың мектептегі өзін-өзі басқаруға қатысуға қызығушылығын қолдайтынына сенімдімін. Ал біз бұл жобаны сандық және географиялық тұрғыдан кеңейтуді жалғастыра береміз. Сондай-ақ өзін-өзі басқару көшбасшыларымен дәстүрлі кездесуді жалғастыра бермекпіз, – деп түйіндеді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама