«Хирургиялық отадан өтті»: белгілі ақын Көпен Әмірбектің қатты сырқаттанғанын айтты
Көпен Әмірбекке Астанадағы көпсалалы онкология ауруларын емдейтін орталықта хирургиялық ота жасалған
Белгілі сатирик Көпен Әмірбек қатты сырқаттанған. Оның еміне қомақты қаражат керек екені айтылды, деп хабарлайды Экспресс К.
«Қазақтың классигі Көпен Әмірбек ағамыз сырқаттанды. Аты жаман ауру ол кісіні соңғы екі-үш ай ішінде қатты мазалады. Астанадағы көпсалалы онкология ауруларын емдейтін орталықта хирургиялық отадан өтті», - дейді ақын інісі Серік Сейітман.
Одан кейін ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының бас гастроэнтерологы Бақытжан Бейімбетовтің 2022 жылғы 19 қазандағы ұсынысы бойынша сатирик шетелдік «Здравница Дмитрия Раевского» ЖШС емдеу орталығының Астанадағы филиалынан интегративті терапия алу үшін тексерілген.
«Аталған орталық үш айлық емдеу жоспарын ұсынды. Ем-шараның құны — 17 920 000 (он жеті миллион тоғыз жүз жиырма мың) теңге. Қаламгерде ондай қаржылық мүмкіндік жоқ, Алғашқыда ағайын-туыстар бастапқы емдеу ісіне ортадан қаражат шығарды»,- дейді ақын.
Еске салайық, бүгін 73 жасқа қараған шағында танымал сатирик Көпен Әмірбек өмірден озды.