Halyq Uni логотип
×

«Күйеуі айқайлап жылады»: Алматыда 8-қабаттан секіріп көз жұмған келіншектің өліміне қатысты тың мәлімет шықты

Жұбайының айқайлап жылаған дауысынан оянып кеткен көршілер дереу жедел жәрдем шақырып үлгерген

 Халық үні 09.11.2022 | 22:48
«Күйеуі айқайлап жылады»: Алматыда 8-қабаттан секіріп көз жұмған келіншектің өліміне қатысты тың мәлімет шықты
Фото: infosmi.net

Алматыда 22 жастағы жүкті әйел тұрғын үй кешенінің 8-қабатынан секіріп кетті. Ол ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Куәгерлер «жас әйелдің мұндай қадамға баруына отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін» дейді, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Жантүршігерлік оқиға түн ортасында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Әйелдің құлап түскен жерінде әлі қанның ізі байқалады. Жұбайының айқайлап жылаған дауысынан оянып кеткен көршілер дереу жедел жәрдем шақырып үлгерген. Бұл жағдай тұрғындардың зәресін ұшырды. Куәгерлер әйелдің қан-жоса боп жерде жатқанын айтады. «Үйінде ұрыс-керіс болған тәрізді» дейді.

«Мен үйде отырғанмын. Біреудің гүрс етіп құлағанын естідім. Айқай-шу көтеріліп кетті. Күйеуі бірден жүгіріп келді. Мен де шығып, жедел жәрдем шақырдым. Әйелдің қол-аяғы сынды. Күйеуі кеше өзін тым эмоционалды ұстаған еді. Маған ол мас болып көрінді», - дейді куәгер Мирас Жақыпов.

Тұрғындар жедел жәрдемді ұзақ күтіп қалғандарын айтады. «Аула тар, сондықтан жедел жәрдем немесе өрт сөндіру көлігі кіруі қиын» дейді.

«Жедел жәрдемді 40 минут күттік. Олар жеткен соң ауламызға біраз уақыт кіре алмай айналып жүрді. Себебі, тұрғындардың көліктері аулаға кірер жолды жауып тастаған екен. Орын жоқ. Әйтеуір, дәрігерлер әйелді зембілге салып, алып кетті. Ол кезде әйел тірі еді»,- дейді  Жұмағали Әлімжанов.

Науқас клиникалық өлім диагнозымен 7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Жүктіліктің 9-10 аптасында болғаны анықталды. Дәрігерлер реанимациялық іс-шаралар жүргізгенімен, зардап шегуші есін жимастан дүниеден өтті. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Алматы қалалық полиция Департаменті аталған деректің Наурызбай аудандық полиция Басқармасымен ҚР ҚК-нің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлайды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Әйелдің өзіне қол салуына себепкер болған кінәлілер анықталса, заң бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама