Белгілі сатирик Көпен Әмірбек өмірден озды
73 жасқа қараған шағы еді
Белгілі сатирик, журналист, Көпен Әмірбек дүниеден өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Көпеннен көз жазып қалдық. Бақұл болыңыз, – деп жазды інісі Ерсұлтан Әмірбек Facebook-тегі парақшасына.
Айта кетейік, Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елді мекенінде дүниеге келген.
Орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1973 жылы бітіріп, Қиыр шығыста екі жылдық әскери партия мектебінде оқыған.
1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, «Правда» баспасынан шыққан «Надейся и жди», «Крохотные звезды» атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақта әзіл-сықақтары жарияланды.
Саяси сатиралық «АраШмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор, ғылымитехникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотында баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында бас редактор болып қызмет істеді.
Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.