Украинада министрліктер саны қысқарады

Дәурен Ерболат

Орталық атқарушы органдағы қызметкерлердің де саны азаяды

Фото: smotrim.ru

Украинада министрліктер саны 20-дан 14-ке дейін қысқарады, деп хабарлады ТАСС.

Президент Владимир Зеленский мен министрлер кабинетінің басшылығы 8 қарашада Үкіметтің жаңа құрылымын жасақтау туралы келісімге келді. Нәтижесінде министрліктер санын 14-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Үкіметтің жаңа құрылымында Қауымдастықтар мен аумақтарды дамыту министрлігі, Инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Уақытша басып алынған аумақтарды реинтеграциялау министрлігі Инфрақұрылымдық даму мен территория министрлігіне біріктіріледі.

Мәдениет және ақпараттық саясат министрлігі мен Еуропалық және еуроатлантикалық интеграция министрлігі Еуроинтеграция, мәдениет және ақпараттық саясат министрлігіне біріктіріледі.

Экономика министрлігі, Стратегиялық өнеркәсіп министрлігі (ішінара) және аграрлық саясат және азық-түлік министрлігі Экономикалық даму министрлігіне біріктіріледі.

Цифрлық трансформация министрлігі, Ұлттық мемлекеттік қызмет агенттігі және өнеркәсіптің стратегиялық салалары мәселелері жөніндегі министрлік (ішінара) Цифрлық трансформация министрлігіне біріктіреді.

Ардагерлер істері министрлігі мен Әлеуметтік саясат министрлігі Ардагерлер істері және әлеуметтік саясат министрлігі болып біріктіріледі.

Экология министрлігі атауын Экология және табиғи ресурстар министрлігі деп өзгертеді. Энергетика министрлігі, СІМ, Қаржы министрлігі, Әділет министрлігі, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігінің атауы өзгеріссіз қалады.

Құжатта министрліктер мен басқа да орталық атқарушы билік органдарының шекті санын қысқарту көзделген, ал кейбір жағдайда оның санын 2 есе қысқарту жоспарда бар. Мысалы, министрліктердің орталық аппараттарында қызметкерлер саны 9,2 мыңнан 2,8 мыңға дейін, министрліктердің аумақтық органдарында 17 мыңнан 7 мыңға дейін, басқа органдардың орталық аппараттарында 13 мыңнан 4,3 мыңға дейін қысқарады.