×

«АрселорМиттал Теміртау» басшылығын ауыстыратын кез келді – депутат

Тексерістерден жүздеген емес, мыңдаған олқылықтар анықталып жатыр

 Дәурен Ерболат 09.11.2022 | 16:00
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Юрий Жулин «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Қазақстан заңдарын сыйламаса, өндірістегі қауіпсіздікті күшейтпесе, басшылықты ауыстыру керегін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

...«АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы апаттар үйреншікті жағдайға айналды. Тек шахтада 100-ден аса кенші мерт болды. Тексерістерден жүздеген емес, мыңдаған олқылықтар анықталып жатыр. Бұл қашанға дейін жалғаса береді? Қайғыдан қабырғамыз қайысып, қашанға дейін қаза тапқан кеншілер мен металлургтердің отбасыларына көңіл айта береміз? Депутаттар Лакшми Митталдың кәсіпорнындағы проблемалар туралы көптеген сауалға жалтарма жауапты қашанғы ести бермек? Мемлекет пен қазақстандықтар бұл инвесторға ештеңеге міндетті емес, - деді Юрий Жулин Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның пікірінше, шетелдік инвестор тәуелсіздік алған жылдарда Карметкомбинат пен шахталарды сатып алуға жұмсаған 1 млрд долларын бұрын ақтап алған.

«Металлург немесе шахтер 50 жасында лайықты зейнетақы жинай алмаса, қандай жалақы алып отыр? 2014-2015 жылдары кәсіпорын 50 млн доллар мемлекеттік қолдау алды. Осы жылдар ішінде Лакшми Миттал қазақстандық жұмысшылардың еңбегін пайдаланып, отандық кәсіпорыннан тек пайда тауып отыр. Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ біздің заңдарымызды сыйлау мен алған міндеттерін орындауға наразылығын әрі қарай көрсете берсе, оның иесін ауыстыру мәселесін қолға алатын кез келді, - деді депутат.

Айта кетейік, бүгін депутаттар жұмысын бір минут үнсіздіктен бастады. Себебі 3 қарашада Қарағанды облысындағы Ленин шахтасында апат болып, 5 кенші көз жұмған еді.

Ал президент «АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі шахтадағы апаттың жиілеуіне қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырған. Бұл сынға компания басшылығы жауап берген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама