Президент сайлауы: Мәжіліс төрағасы кандидаттарды кемсітпеуге шақырды
Ертең сайлауда кімнің қанша пайыз дауыс жинайтынын көреміз деді ол
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов кезектен тыс президент сайлауына қатысатын кандидаттарды кемсітпеуге шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жалпы отырыстан шыққан төрағаға журналист «Сарапшылардың арасында кезектен тыс президент сайлауына түсіп жатқан 5 кандидаттан бөлек, «қуаршақ кандидат» деген сөз жиі айтылады. Мұндай әлсіз кандидаттармен сайлауға түсу арқылы Тоқаев өзінің лигитимділігін сақтай ала ма?» деп сұрақ қойды.
...Сайлауға түскен азаматтардың қоғамда орны бар. Бұл туралы сұқбаттарда бірнеше рет айттым. Менің ойымша, оларды кемсітуге, төмендетуге журналист ретінде сізге жараспайды. Бізге де жараспайды. Сондықтан әрқайсысының өзінің орны мен үміті, ойы бар. Ертең сайлауда кімнің қанша пайыз дауыс жинайтынын көреміз. Сайлаушылар қалай қолдайды? Олардың бағдарламасы қандай? Менің ойымша, назарды осы жаққа қарай бағыттау керек, - деді Мәжіліс төрағасы.
Айта кетейік, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Оған 6 үміткер қатысып жатыр:
- Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев;
- Қарақат Әбден;
- Нұрлан Әуесбай;
- Жигули Дайрабай;
- Мейрам Қажыкен;
- Салтанат Тұрсынбекова.
Олар 11 қарашада тікелей эфирде өтетін дебатқа қатысады.