ҰҚК арнайы операция өткізді: Қызылорда және Арал қаласында 32 адам ұсталды
Қылмыстық топтан «ұрылар кассасының» сметасы мен басқа да құжаттар тәркіленді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңға қайшы іс-әрекетін анықтау және оның жолын кесу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр.
18 қазанда Қызылорда және Арал қалаларында арнайы операция кезінде өңірлік ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 мүшесі ұсталды.
«Топтың әр мүшесінің өзіне жүктелген міндетіне қарай нақты құрылымы болған. Олар «жиналыстарда» қылмысқа қатысты мәселелерді талқылап, сол жерде шешімдерді қабылдап отырған. Мұндай «жиналыстары» тұрақты түрде өткізіліп келген. Ұсталғандардың қатарында трансұлттық қылмыстық ұйымдардың топ басшыларына бағынып, солардың атынан әрекет етіп, Қызылорда облысының қылмыстық иерархиясында белгілі бір дәрежеге ие болғандар бар», – деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Олардың тұрғылықты мекен-жайлары бойынша қарудың бірнеше түрі, «ұрылар кассасының» сметасы, есірткі және басқа да заттары мен құжаттар тәркіленді.
Қолға түскендер қылмыстық топты құрумен, оған пайда табумен, адамдарды бопсалаумен және басқа да ауыр қылмыстар жасаумен айналысты деген күдікке ілініп отыр.
Трансұлттық қылмыстан төнетін қауіпті бейтараптандыру бойынша іс-шаралар жалғасуда.