Елордада жетекші қазақстандық және әлемдік сарапшылардың қатысуымен конгресс өтеді
11-12 қарашада «Астана» Конгресс орталығында «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері» атты XIV Халықаралық КАРМ конгресі өтеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Конгресс дәстүрлі түрде Қазақстан халқының бедеулігі мен репродуктивтік денсаулығының маңызды мәселелерін қайта көтеру, экстракорпоралдық ұрықтандыруды (ЭКҰ) қоса алғанда, қосалқы репродуктивтік технологиялардың (ҚРТ) қолжетімділігі проблемаларын талқылау үшін жетекші қазақстандық және әлемдік сарапшыларды біріктіреді, сондай-ақ отандық және шетелдік қатысушыларға өз баяндамаларын айтуға мүмкіндік береді.
Конгрестің жұмысына Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың, еліміздің жетекші ғылыми және клиникалық орталықтары басшыларының, Қазақстан, Португалия, Италия, Ресей, Беларусь, Израиль, Ұлыбритания, Жапония, АҚШ және басқа елдердің репродуктивтік технологиялар саласындағы жетекші мамандарының, бедеулікті емдеумен айналысатын акушер-гинеколог дәрігерлердің, ЭҰ орталықтары өкілдерінің, андрологтардың, эндокринологтардың, эмбриологтардың, генетиктердің, биологтардың қатысуы күтіліп отыр.
Конгрестің шеңберінде Қазақстан, Израиль, Португалия, Италия, Ресей, Беларусь, Жапония, Грузия, Үндістан мамандарының қатысуымен ҚРТ, акушерлік және гинекологиядағы эмбриологияның ең өзекті мәселелері бойынша мастер-кластар өткізіледі.
Конгресс-орталықтың холдарында 40-тан аса отандық және шетелдік компаниялардың, оның ішінде бірқатар қазақстандық ЭКҰ клиникаларының көрмесі ашылады.
Конгресті Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен қазақстандық репродуктивтік медицина қауымдастығы және Астана Медицина Университеті ұйымдастырады.