Алматы полициясы автобустардың соқтығысуына қатысты жаңа мәлімет берді

Халық үні

Төле би даңғылының қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп кеткен

фото: inform.kz

Алматы полициясы екі автобустың соқтығысуына қатысты толық мәлімет таратты. Жол апаты салдарынан бір адам қаза болып, 21 адам зардап шеккен, деп хабарлайды Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

«Жол-көлік оқиғасының схемасына және видеобақылау жүйелеріне жасалған талдауға сәйкес, 8 қараша сағат 14:05-те жеке тасымалдаушылардың біріне тиесілі МАЗ қоғамдық көлігінің 35 жастағы жүргізушісі Абылай хан даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып, Төле би даңғылының қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кеткен. Төле би даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Golden Dragon маркалы автобуспен соқтығысқан», - делінген полиция мәліметінде.

Полицияның хабарлауынша, көлікті 59 жастағы ер адам басқарған. Соқтығысудан соң №98 қоғамдық көлік екпінмен тротуарға шығып кетіп, жаяу жүргіншілерді қағып кетті. Салдарынан жаяу жүргіншілердің бірі – 37 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды.