21 жастағы азаматтың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Петропавлдағы жылу электр орталығында тағы бір жұмысшы қайтыс болды. Қайғылы оқиға 5 қарашада болған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бұл фактіні облыстың полиция департаменті растады.
5 қарашада мердігер ұйымның жұмысшысы – 2000 жылғы азамат құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде өндірістік жарақат алған. Оған бөрене (балка) құлап, жігіт металл конструкциясының астында қалып қойған. 21 жастағы ер азамат жедел-жәрдеммен бірден нөмірі үшінші қалалық ауруханаға жеткізілді.
Ер адамның алған жарақаты ауыр болып, 7 қарашада медициналық мекемеде қайтыс болған. Қазір бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Петропавл қаласы полиция басқармасының бірінші полиция бөлімінің өндірісінде ҚР ҚК 156-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары бар. Сотқа дейінгі тергеу барысында 5 қарашада ЖЭО аумағында 21 жастағы монолитші өндірістік жарақат алғаны анықталды. Екі күннен кейін ол ауруханада көз жұмды. Сол күні аталған қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 3-бөлігіне ауыстырылды. Қазір істің мән-жайын зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданып, өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты тұлғалардың кінәсі айқындалады», - делінген СҚО ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 20 наурызында ЖЭО-да биіктігі 150 метр болатын №1 түтін мұржасы опырылып кеткен. Төтенше жағдай кезінде 1984 жылғы машинист-қараушы әйел үйіндінің астында қалып, қайтыс болған. Оның денесін мамандар бірнеше күннен кейін тапқан.