Halyq Uni логотип
×

«Бәйтерегім құлады»: Ләйлә Сұлтанқызы марқұм күйеуі туралы әсерлі жазба жариялады

Қазір де иісі мұрныма келіп, сөзі құлағымда ойнап, көз жасым тоқтамай, қорқынышты түс көріп жатқандаймын, дейді ол

 Халық үні 08.11.2022 | 22:25
«Бәйтерегім құлады»: Ләйлә Сұлтанқызы марқұм күйеуі туралы әсерлі жазба жариялады
фото: әлеуметтік желіден

Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы өзінің instagram-дағы парақшасында марқұм күйеуі Қайрат Беркінбаев туралы әсерлі жазба жариялады. 

«Менің Қайрекем…

Соңғы үш күн түсім сияқты. Сенгім де, мойындағым да келмейді. Отасқанымызға 16 жылдан асты. Еркелетті, икемдеді, үйретті. Енді ғана, міне, ұлдар өсті дегенде…

Іштегі сезімімді айтарға сөзім, жазарға әріптерім де жетпейді. Қалдырған ізі, атқарған ісі көп, әлі де қанша  жоспары бар еді… Олар туралы айтуға да қарсы болатын. «Алладан қайтады», - деп ауыз ашқызбайтын. Сіздерге де жиі айтпайтын себебім осы еді. 

Қазір де иісі мұрныма келіп, сөзі құлағымда ойнап, көз жасым тоқтамай, қорқынышты түс көріп жатқандаймын. Ағамның кеткеніне көп болмап еді, ал енді бәйтерегім құлады», - деп жазды ол. 

Сондай-ақ, Ләйлә қазаға байланысты көңіл айтып жатқан жандарға алғысын айтты.

«Көңіл айтып, жазып жатқан баршаңызға рақмет. Қазір отбасымыз үшін өте қиын уақыт, балалар үшін екі есе қиын. Ештеңеге шамам да, мүмкіндігім де жоқ. Тәнім мен жанымды, миым мен күйімді жүйелеп алғанша түсіністікпен қарауларыңызды шын жүректен өтініп сұраймын», - деді ол. 

Айта кетейік, 6 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті Қайрат Беркінбаев өмірден өтті.

Қайрат Беркінбаев 2019 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында III дәрежелі «Барыс» мемлекеттік орденімен марапатталған еді. Қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама