Видеодан әйелдің жылу мәселесімен келгенін түсінуге болады
Түркістан облысының Сайрам ауданында жылусыз отырған жалғызбасты ана әкімдіктен көмек сұрап келгенде, ондағы шенеунік тұрғынға дөрекілік танытты. Бұл сәтті әйел видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды exk.kz.
Бейнежазбаны ТікТок қолданушысы өз парақшасында жариялады. Онда көмек сұрап келген келіншек әкімдік қызметкерлеріне жанайқайын жеткізеді. Алайда әкімдік аппараты заң бөлімшесінің басшысы Қайрат Жанәлиев жалғызбасты анаға видеотүсірілім жасауға рұқсат жоқтығын айтады.
Қайтіп қорғаламын? Соны айтыңызшы, — дейді тұрғын.
Видеодан әйелдің жылу мәселесімен келгенін түсінуге болады.
Осы сәтте өз эмоциясын ұстай алмаған шенеуніктің әйелге бөлім басшысы жауап беретінін айтқанын, кейіннен тіпті былапыт сөзді естуге болды. Көмек сұрап келген әйел шенеуніктен өзіне неліктен айқайлап тұрғанын сұрайды.
Сен ғой айқайлаған, — деді Қайрат Жанәлиев.
«Сен демеңіз маған» деген әйел ашуға булығып кетеді. Оның еркекке ыза болғаны соншалық, аузынан «есек» деген сөз шығып кетеді.
Ал шенеунік Қайрат Жанәлиев ешқандай боқауыз сөз айтпадым деп отыр. Оны сол жерде болған өзге куәгерлер де растай алады дейді. Бұл жағдай дүйсенбіде, яғни 7 қарашада таңғы уақытта болған. Жергілікті тұрғын әкімдікке қарасты мекеме қызметкері екен. Бұл кезде аудан әкімі облыс басшысының төрағалағымен өтіп жатқан селекторлық жиында болған. Әкімдіктегілер әйелге соны айтып түсіндіріпті. Бірақ соңы шуға ұласқан. Осы кезде аппараттың заң бөлімшесінің басшысы мән-жайды анықтамақ болғанға ұқсайды.
«Мен өзім тез сөйлейтін адаммын. Сондықтан кейде мені түсінбей қалады. Ол әйелді боқтаған жоқпын.«Бөлім басшысы, мәселені шешіңіздер» дедім. Әйел адамды қалай боқтаймын? Оның үстіне видеоға түсіріп жатқанын біліп тұрмын. Жалпы, мен өмірде боқауыз сөз айтпайтын адаммын. Видео әдейі солай монтаждалған. Тиісті материалдарды жинап, адвокат жалдадым. Бейнежазбаны нотариус арқылы заңдастырып, сотқа жүгінемін», — деді ол.